БАСПАСӨЗ ХАБАРЛАМАСЫ

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы 2019 жылдың алғашқы төрт айында 1,1 млн аса азаматты мобильді азаматтар базасына тіркеді. Осылайша аталмыш базаға тіркелген қазақстандықтардың саны 6,8 миллионға жуықтап отыр.

Мобильді азаматтар базасына тіркеу ерікті түрде жүргізіледі, мұнда азаматтардың жеке сәйкестендіру нөмірі мен ұялы телефон нөмірі байланыстырылып, базаға енгізіледі. Бұл арқылы дерекқорда жеке мәліметтері бар адамдар халыққа қызмет көрсету орталығына бармай, бірнеше мемлекеттік қызмет пен сервисті онлайн түрде ала алады. Мәселен, базаға тіркелгендер egov.kz порталының құпиясөзін ұмытқан жағдайда, ұялы телефондарына бірретік құпиясөзге сұрау жібере алады. Смартфондағы mgov.kz қосымшасының 81 түрлі қызметін қолдана алады. Жаңа босанған аналар проактивті қызмет аясында, бала туылған шақта жіберілген смске жауап беру арқылы туу куәлігі мен жәрдемақының тағайындалуына өтініш беріп, бөбекті балабақша кезегіне қоя алады. Сонымен қатар базаға тіркелген азаматтар telegram-дағы egovkzbot көмегімен 25 қызметті емін-еркін қолдана алады. Бұл сервис ұялы телефон арқылы мекенжай, соттылықтың болмауы, диспансерлердің есебінде тұрмау туралы, жылжымайтын мүліктің болу/болмауы сияқты бірқатар анықтаманы алып, дәрігер қабылдауына жазылуға, ХҚО кезегін онлайн брондауға, айыппұлдардың бар/жоғын тексеруге мүмкіндік береді. Аталмыш бот 2018 жылы іске қосылды. Осы уақытқа дейін оны 300 мыңға жуық адам қолданып, 162 мың рет мекенжай анықтамасын алып үлгерді.

Қазақстандықтар мобильді азаматтар базасының тізімінде тіркелген/тіркелмегенін egov.kz порталы арқылы тексере алады.

«Азаматтарға арналған үкімет»

мемлекеттік  корпорациясы 

КЕАҚ баспасөз қызметі

 

БАСПАСӨЗ ХАБАРЛАМАСЫ

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының миграциялық ХҚО-сы арқылы көрсетілетін қызметтер саны толыға түсті. Енді Қазақстан Республикасына уақытша келетін шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар көші-қон қызметтері орталығының қызметіне жүгіне алады. Бұған дейін бұл қызмет тек ҚР ІІМ көші-қон комитеті тарапынан көрсетілетін. 

18 ақпаннан бастап көрсетіле бастаған жаңа қызмет түрін пайдалану үшін шетелдік азаматтың өзімен бірге келесі құжаттары болуы тиіс:

  • ҚР аймағына кіруге визасы бар шетелдіктің не азаматтығы жоқ адамның жеке басын куәландыратын жарамды құжаты;
  • Шекараны кесіп өткені туралы белгісі бар көші-қон карточкасы;
  • Еркін түрде жазылған қолдаухат.

БАСПАСӨЗ ХАБАРЛАМАСЫ

26 02 19 news 1

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Елбасының 2015 жылы қабылдаған Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100-ші қадамды орындады. Оған сәйкес, Канада мен Австралияның үлгісі бойынша мемлекеттік қызметтердің бірыңғай провайдеріне айналатын «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясын құру тапсырылған болатын. 2016 жылдың сәуірінде жұмысын бастаған корпорация халыққа қызмет көрсететін барлық орталықтарды бір жүйеге интеграциялап, мемлекеттік қызметтерді бір жерден алу мүмкіндігін жасады. Сондай-ақ ұлт жоспарында мемлекеттік қызметті сапа менеджменті ISO 9000 сериясына сәйкес халықаралық сертификаттаудан өту міндеті қойылған болатын.

Бұл тапсырманы орындау мақсатында 2017-2018 жылдары сапа менеджменті жүйесінің халықаралық стандарт қағидаттарын енгізу, қызметкерлерді оқыту жұмыстары жүргізіліп, корпорация қызметі біріздендірілді.

БАСПАСӨЗ ХАБАРЛАМАСЫ

 «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы халықтың цифрлық сауатын арттыру бойынша жұмыстарын жалғастыруда. Бүгінде азаматтарға электронды үкімет порталы арқылы мемлекеттік қызметтерді алуды оқытатын цифрлық ХҚО еліміздің барлық облысында ашылған. Бұған қоса халыққа қызмет көрсету орталықтарында смартфон арқылы мемлекеттік қызметтерді алуды үйрететін аймақтар ашылып жатыр.

ХҚО мамандары қызмет алушылардың телефондарына telegram  мен Mgov қосымшаларын орнатып беруге көмектесіп, түрлі анықтамалар мен қызметтерді алу ретін түсіндіріп беруде.

Бүгінде Telegram қосымшасындағы Egovkzbot арқылы 24 қызмет қолжетімді. Жүйе іске қосылған сегізайдың ішінде 140 мың адам оны қолданып үлгеріп, 160 мың рет түрлі анықтамаға өтініш берген.Мэссенджер қолданушылары 60 мың рет мекенжай, 20 мың рет соттылықтың болу/болмауы туралы анықтамаларды сұратқан.Өз кезгінде, Mgov қосымшасы арқылы 90 мемлекеттік қызметті онлайн тәртіпте алуға болады. Смартфон иелері бұл қосымшаны былтыр 1,3 млн рет жүктеп, 3,6 млн қызмет алған.

2018 жылы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы 6 млн аса электрондық цифрлық қолтаңба рәсімдеді. Бұл 2017 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 1,4 млн артық.

рисунок

Берілген ЭЦҚ санының артуы электронды үкімет порталын пайдаланушы азаматтардың көбейгенін білдіреді.

Бұл ретте ХҚО-дағы өзіне-өзі қызмет көрсету секторы – Connection Point арқылы азаматтардың өз бетінше алған электронды қызметтер саны 2018 жылы 12% өсіп, 12 млн құрады.

Мемлекеттік корпорацияның 2018 жылғы қорытынды есебіне сәйкес, 32 млн мемлекеттік қызмет көрсетілді, бұл 2017 жылмен салыстырғанда 17% аз көрсеткіш.

Бұл дегеніміз мемлекеттік қызметтерді халыққа қызмет көрсету орталықтарынан емес, онлайн форматта өз бетінше алатын азаматтардың саны артқан. 

Айта кетейік, 2018 жылы Алматы мен Астана қалалары, Түркістан облысының тұрғындары ең көп ЭЦҚ рәсімдеген. Мәселен, алматылықтар 803 мың, Түркістан облысындағылар 738 мың және астаналықтар 523 мыңнан аса электрондық цифрлық қолтаңба алған.

БАСПАСӨЗ ХАБАРЛАМАСЫ

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы 2018 жылғы 12 желтоқсанда биометрия жобасын іске қосты. Бір ай ішінде деректер базасына тіркеліп, мәліметтерін қалдырған азаматтардың саны 1473-ке жетті.

Үкімет үйінде өткен брифинг барысында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Аблайхан Оспанов: «Бүгінде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы белсенді жүргізілуде. Бұл ретте, біз мемлекеттік қызметтерді алу процесін жеңілдету үшін қызмет алушылардың жеке басын растаудың жаңа механизмін іске қостық. Биометрия – жеке мәліметтердің ақпараттық қауіпсіздігін күшейтуге көмектесетін құрал», – деп атап өтті.

Биометрия жобасы шеңберінде мемлекеттік қызметтерді көрсету барысында азаматтардың жеке басын куәландыратын құжаты не электрондық цифрлық қолтаңбасы қажет емес. Бұл үшін бет-бейне скан көшірмесі немесе саусақ іздерінің болуы жеткілікті. Бұл деректерді азаматтар Астана қаласының 3 және Алматы қаласының 1 халыққа қызмет көрсету орталығында қалдырып, мәліметтер базасына енгізе алады.

Мемлекеттік корпорацияның басқарма төрағасы Аблайхан Оспановтың айтуынша, биометрия  өз бетінше алынатын қызметтер санының артуына,  қызметтерді алу кезінде бөгде азаматтардың қатысуын болдырмауды қамтамасыз етеді.

Биометрия жобасының шеңберінде азаматтарға 52 мемлекеттік қызметтің көрсетілуі қарастырылуда. Олардың екеуі – мекенжай және жылжымайтын мүліктің болу/болмауы жөніндегі анықтамалар қазірдің өзінде қолжетімді.

Айта кетейік, биометрия базасықаржы, коммерциялық қызмет көрсету және қауіпсіздік салаларында, сондай-ақ ғимаратқа кіру жүйесінде пайдаланылуы мүмкін. Шетелдік тәжірибеде биометрия әдісін Ұлыбритания, Үндістан, Нидерланд королдігі ұтымды пайдалануда.

Бір ай бұрын Астана және Алматы қалаларында енгізілген биометрия пилоттық жобасы биыл қыркүйек айына дейін барлық облыстарда іске қосылады деп жоспарланған.

«Азаматтарға арналған үкімет»

мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ

баспасөз қызметі

БАСПАСӨЗ ХАБАРЛАМАСЫ

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы 2019 жылы еліміздегі мемлекеттік қызмет көрсетіп жатқан 152 фронт-офис қызметін трансформацияламақ.

Бүгінде республика бойынша халыққа қызмет көрсетуші 326 фронт-офис бар.  Азаматтардың электрондық қызметтерді пайдалану деңгейін арттыру мақсатында мемлекеттік корпорация 60/40 жаңа қағидатына сәйкес, фронт-офистерде кеңауқымды трансформациялауды бастады.

«60/40 қағидаты фронт-офистегі жұмыс аймағының 40% қызмет көрсететін операторларға тиесілі екенін, ал азаматтардың қызметтерді өз бетінше алу аймағы – Connection point пен қоғамдық қолжетімді пункттердің үлесі 60 % жететінін меңзейді. Осылайша, біз болашақта қызмет алушылардың осы принцип бойынша анықтамалар мен басқа да керекті құжаттарды өздігінен алуын қамтамасыз етпекпіз», – дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Аблайхан Оспанов.

Аталған қағидат бойынша елімізде бүгінде 174 фронт-офис қызмет етеді. Нәтижесінде азаматтардың 2018 жылы өз бетінше алған қызметтерінің саны 2017 жылмен салыстырғанда 2 млн артып, 12 млн құрады. Бұл көрсеткіштің өсуіне электрондық үкімет порталында жұмыс істеу және электрондық қызметтерді пайдалану дағдыларына 8 млн астам азаматтыңүйретілуі де әсер еткен.

Айта кетейік, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы 2018 жылы 31,9 млн қызмет көрсетілді, оның 16 млн электрондық форматта.

 

Анықтама: «Азаматтарға арналған үкімет»мемлекеттік корпорациясы арқылы мемлекеттік қызметтер реестрінде қамтылған 741 қызметтің 598-і қолжетімді.Мемлекеттік қызметтердің көрсетілуін 326 фронт-офис, 6 секторы бар 16 мамандандырылған ХҚО (оның ішінде 4 сектор Алматыда және 2 сектор Түркістан облысында), 70 мобильдік ХҚО және Қазпоштаның 1656 бөлімшесі қамтамасыз етеді.

 

«Азаматтарға арналған үкімет»

мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ

баспасөз қызмет