рисунок

Бүгін аудан әкімдігінде аудандық төтенше жағдайлардың алдын алу және жою комиссиясының отырысы өтті.

Күн тәртібінде – өрт қауіптілігі артатын жаз мезгіліне өрт сөндіруге жұмылдырылатын күш пен құралдардың дайындығы, дала және орманды алқаптардағы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын жүргізу. Жазғы суға шомылу кезінде адамның қаза болуының алдын алу. Үшінші мәселе – аяқталған науқан – көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстарын қорытындылау.

Ауданның төтенше жағдайлар бойынша бөлімінің басшысы Шафхат Ғинаятовтың төрағалығымен өткен жиналысқа комиссия мүшелері, ауылдық округ әкімдері, сала басшылары қатысты.

Ауданның төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Шафхат Қапиетұлы мен 23-ӨСБ бөлімшесінің командирі Роман Сапарбекұлы күн тәртібіндегі бірінші мәселе - өрт қауіптілігі мезгілінде жұмылдырылатын күш-құралдардың дайындығы, дала және орманды алқаптарда өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары туралы баяндады. Олар ұсынған мәлімет бойынша, өткен жылы 12 мың гектар жерде құрғақ шөптердің өртенуі орын алыпты. Жаз басталмай жатып-ақ, сәуірдің ішінде Подстепное, Ақсуат, Шағатай округтерінде жалпы көлемі 15 га. астам жер жалынға шалынған екен. Өрт себебі - абайсыздық, сөндірілмеген шылым, дала жұмыстарына шыққан техниканың ақауынан ұшқын шашуы. Сосын – құрғақ шөп өртеу. Темір жол бойынан басталатын өрттерге себеп – поезд терезесінен лақтырылған шылым не машина ұшқыны. Яғни, адам факторы. Жаздың күні өрт қауіптілігі ең үшкір мәселеге айналады. Жан-жануар зардап тартып, экономикалық шығынға батамыз. Сондықтан, өрт қауіпсіздігін сақтау жөнінде ауылдық округ әкімдері әр қожалыққа, әр тұрғынға жеткізсе екен. Жеткізіп қана қоймай, жазғы-күзгі егістік жұмыстары кезінде өртке жол бермеу туралы әр шаруашылық құрылымынан талап етуі тиіс. Бұл – комиссия шешімі.

Өртпен күресуде маңызды іс – отты ауыздықтайтын күш-құралдың дайын болуы. Осыған байланысты күштер мен құралдарды жұмылдыру жоспары бекітілді. Ауылдық округтердегі ерікті құрылымдар құрамы жаңартылды. Күні бүгінге 8 шаруашылықта, 15 ауылда құрылған ерікті өрт сөндурушілер жасағына 255 адам, 52 техника тіркеліпті. Осы жердегі бір шешілмеген мәселе – еріктілер құрылымдарының заңды мәртебесі жоқ. Сондықтан, мүшелері тұрақтамайды, жаңадан қабылданған еріктіні дайындықтан өткізу керек болады. Ал, шалғайда жатқан ауылдарда осындай жасақтарсыз өртке қарсы тұру мүмкін емес. Және де, тек өрт сөндіру емес, халық арасында түсінік жұмыстарын да жүргізе алатын өртке қарсы посттар құрылса, тіптен жақсы болар еді. Оның жұмысының тиімділігіне Аңқаты ауылындағы пост үлгісінде көз жетті. Бұл – ұйымдастыруды қажет ететін іс.

Бұл мәселе бойынша комиссия шешімі - әрбір округ әкімі өз аумағында ерікті өрт сөндірушіні от құрықтау іс-қимылына жатықтыруды қолға алсын. Және де округ аумағында орын алған өртті сөндіруді ұйымдастыру жауапкершілігі жергілікті әкімге жүктелсін.

«От пен су – тілсіз жау» деген, жаз кезінде судан да келер қауіп бар. Бұл жөнінде Шафхат Қапиетұлымен бірге аудандық білім беру бөлімінің бас маманы Алтынай Абатқызы баяндады. Әсіресе, су жағалап, шомылуға қызыққан балалар қараусыз қалудан не болмаса ерексек адамдар да оқыс жағдайдан ажал құшып жатады. Сәуір-мамыр ішінде суға кеткендер бар. Жазда осындай қайғылы оқиғаны болдырмас үшін тұрғындарға суға жүзудегі қауіпсіздік туралы түсіндіру керек. Бұл шара кезінде жеткіншектерге ерекше көңіл бөліп, от пен су қауіпсіздігін пысықтау ауылдық округ әкімдері мен аудандық білім беру бөліміне тапсырылды. Ал, халықтың суға шомылу орындарында қоғамдық тәртіп пункттерін ұйымдастыруда округ әкімдерімен қатар учаскелік полиция қызметкері де жауапты болады.

Соңғы мәселе – көктемгі су тасқыны мезгілін қорытындылауға келсек, биылғы көктем төтенше жағдайсыз өтті деуге әбден болады. Бұл жерде қар шығару, су жүру жолдарын тазалауды дер кезінде қолға алған округ әкімдері жұмысын атап кеткен жөн. Подстепное ауылындағы жыл сайын берекетті алатын «көлшіктер» болмаса, басқалай жағдай болған жоқ. Су қоймалары – өзен-көл, тоған-бөгеттер су нөпіріне төтеп берді.

Комиссия отырысы әр мәселе бойынша лауазымды тұлғаларға жауапкершілік жүктеп, шешім қабылдады. Хаттамамен бекітті.

Алдымыз – жаз. Бала-шаға демалысқа шығып, қызық іздеп, орман-тоғай аралар, су жағалар кез. Далада жұмыс қайнар кез. Осы шақта от пен судан сақ болайық. Өрт қауіпсіздігін сақтайық. Суда шомылу ережесін ұмытпайық.