04 05 18 news 3

Отбасы – мемлекеттің дұрыс қалыптасуының ең басты тірегі. Жарасымды жанұя мен ізгі қасиеттерге толы әулет қашан да көпке үлгі болуы тиіс. Осы мақсатта 2013 жылы Елбасы жарлығымен «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы жарияланған болатын.


Мәдениет үйінің төрінде ішкі саясат бөлімі мен «Әйел. Қоғам.Болашақ» қоғамдық ұйымы қызметкерлерінің ұйымдастыруымен өткен іріктеу кезеңінде аудан бойынша 9 отбасы бақ сынады. Бұл жанұялардың ішінде көпті көрген, өмірдің сан түрлі соқпақтарынан өткен данагөй қарияларымыз да болды.
Үкілеген үмітін арқалап, жеңіс үшін барын салған сайыс қатысушыларына аудан әкімінің орынбасары Алтай Тоқжанов алғыс айтып, бағалы сыйлықтармен марапаттады.
«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына аудан орталығы - Федоров ауылынан Қабиевтер отбасы қатысты. Замир мен Гүлнар Қабиевтер – талантты, өнерлі ұрпақ тәрбиелеп отырған жас отбасы. Қос-қостан егіздері бар. Тұңғыш ұлдары Сұлтан мен Бейбарыс- аудандық, облыстық, республикалық көлемде өткізіліп жүрген байқаулардың жеңімпаздары. Кішкентайлары Амир мен Томирис те егіздер сайысына қатысып, өз бақтарын сынаған болатын. «Өнерлі отбасы» атанған бұл жанұяға шығармшылық табыс тілейміз.
Покатилов ауылдық округінде бірлігі, тәлім-тәрбиесімен көпке үлгі болған интернационалды отбасылардың бірі - Титовтар әулеті. Бүгінгі таңда Юрий мен Самала Радмир және Ратмила есімді ұл-қыз тәрбиелеп отыр. Қазақ пен орыс мәдениетін, салт-дәстүрін бір арнаға тоғыстырған отбасының «Ратмир и Алан» деп аталатын шаруа қожалықтары бар. Төрт-түлік өсіріп, шаруасын дөңгелетіп отырған Титовтар әулетіне аудан бойынша іріктеу кезеңіне қатысу бақыты бұйырыпы.
Биыл ұлттық байқауда Аңқаты ауылдық округінің намысын Ахметовтар жанұясы қорғады. Берікқали мен Күміс Ахметовтар - 3 қыз, 2 ұл тәрбиелеп отырған көпбалалы ата-ана. Балаларының бәрі - өнерлі, оқу озаттары. Ауыл-аудандарда өтетін іс-шараларға белсене қатысады.
Төңкеріс ауылында талантты Момот әулеті тұрады. Отағасы Андрей мен жұбайы Татьяна осы ауылда өніп-өскен. Долин негізгі мектебін бітірген қос ғашық 2002 жылы отбасын құрған. Анна және Полина есімді қыздары бар. Андрейдің мамандығы электрик болса да, поэзияға жақын. Ақындығы да бар. Ал Татьяна Георгиевна - мәдениет үйінің директоры, «Алтын гюль» атты татар этномәдени орталығының басшысы. Қыздары да өнер десе, ішкен астарын жерге қояды.
Покатилов ауылдық округіндегі тағы бір татулығы жарасқан интернационалды отбасы - Хасановтар жанұясы. Шахрудин мен Гүлнұр 3 баласының тәрбиесіне жіті көңіл бөледі. Тату-тәтті отбасының ұйытқысы боп отырған отанасы Гүлнұр кез келген бала бос уақытында спортпен айналысып, түрлі үйірмелерге қатысып, өзін дамытуы тиіс деп санайды. Отағасы Шахрудин Шаренеевич - «Хасанов Ш.Ш» шаруа қожалығының басшысы.
Аудандық кезеңге Ақсуат ауылдық округінен 2 ұл, 1 қыз өсіріп отырған Сисенғалиевтер отбасы қатысты. Шаңырақтың тірегі Талғат Сисенғалиев 15 жыл бойы әскери қызметте жұмыс істейді. Адал қызметі үшін «Үздік қызметкер» алғыс хатымен де марапатталған. Жұбайы Аягөз Менкенова – балабақшада тәрбиеші.
«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауында шағатайлық интернационалды отбасы Рахимовтар жанұясы ІІІ орынға ие болды. Татар мен қазақ халқына тән жақсы қасиеттерді бойына жиған Ренат пен Альфия Рахимовтар – 2 қыз, 1 ұл тәрбиелеп отырған ата-ана. Отағасы Ренат Ақжайық ішкі істер бөлімінің учаскелік инспекторы боп қызмет атқарса, жары Альфия - Шағатай ауылдық округі әкімі аппаратының жетекші маманы.
Іріктеу кезеңінде покатиловтық Дүсеновтер отбасы ІІ орын алды. Отағасы Әділбек Ескендірұлы 25 жыл бойы аудандық ішкі істер бөлімінде қызмет атқарса, жұбайы Әлия Зейноллақызы - Покатилов ауылдық округі әкімі аппаратында бас маман. Бұл әулетті сөз қылғанда, Ұлы Отан соғысы жылдары тылда еңбек еткен Мұқай Дүсенов атаға тоқталмай өту мүмкін емес. Сұрапыл жылдары мал бағып, майдан даласында Отан үшін отқа түскен жерлестеріне тамақ пен киім жіберу үшін аянбай қызмет еткен Мұқай атаны жерлестері мақтан тұтады. Ұрпақтарын сыйлайды.
Ақжайық ауылдық округінен Ашықовтар отбасы байқаудың жеңімпазы атанып, І орынды қанжығасына байлады. 4 баладан 3 немере, 7 жиен сүйіп отырған Тілектес Ашықұлы мен Биғайша Семенқызы - бүгінгі таңда еңбек демалысындағы зейнеткерлер. Тілектес Ашықұлы еңбек жолын мұғалім болып бастап, Ақжайық аудандық (бұрын аудан орталығы болған кезде) атқару комитетінің ұйымдастыру-нұсқау бөлімінің нұсқаушысы, Ақжайық ауданы әкімі аппаратының іс басқарушысы, аға-референті, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. 2009 жылдан бері Ақжайық ауылдық округінің Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы. Ал Биғайша Семенқызы І санаттағы медбике болған.
Шаңырақ шаттығы мен ұлттық тәрбиені ұлықтайтын бұл байқаудан сүрінбей өтіп, облысқа жолдама алған Дүсеновтер және Ашықовтар отбасына сәттілік тілейміз.

04 05 18 news 4

04 05 18 news 5

04 05 18 news 6