Бүгін Теректі ауданы әкімдігінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының БҚО бойынша департаментінің қылмыстық құқық бұзушылықтар және басқа да заң бұзушылықтар жасауға ықпал еткен мән-жайларды жою жөніндегі ұсынысты қарау үшін жиналыс өткізілді.

Аудан активі жиналған отырысқа аудан әкімі аппаратының басшысы Армат Байғазиев төрағалық етті. Жиынға арнайы келген ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО департаментінің мемлекеттік қызмет саласын бақылау басқармасының басшысы Жақсат Мұратов қатысып отырды. Сонымен қатар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) БҚО бойынша департаментінің Бөрлі аймағы бойынша ауданаралық басқармасының басшысы Талғат Бекмағамбетов, ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) БҚО бойынша департаментінің тергеу басқармасының бөлім басшысы Талғат Нұржанов қатысты.

Күн тәртібінде қаралған мәселе – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының БҚО бойынша департаментінің қылмыстық құқық бұзушылықтар және басқа да заң бұзушылықтар жасауға ықпал еткен мән-жайларды жою жөніндегі ұсынысты қарау.

Аудан әкімі аппаратының персоналды басқару бірыңғай қызметі және мемлекеттік-құқықтар жұмыстар бөлімінің басшысы Сәкен Идресқалиев таныстырған ұсыныстың тобықтай түйіні біреу – аудандағы ауыз су жеткізуді атқарып отырған мекеме басшысы, яғни, «Теректі-Таза су» ЖШС директоры Жақып Каримов өз қызметінде қаржы иемденуге жол берген. Нақ айтсақ, 1 633 753,16 теңге ақшаны әр түрлі жолдармен талан-таражға салған. Осыншама қомақты ақша бір күн ішінде емес, өткен жыл бойы жымқырылып отырған. «Солға» шығарған ақшаны «жұмсау» әдісі түрлі болғанмен, кірген жолы біреу – ол Ж.Каримовтың жеке қалтасы. Сөйтіп, ЖШС директоры лауазымында, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттілік берілген адамға теңестірілген тұлға бола тұра, өз қызметін пайдалана отырып, қаражат иемденген. Яғни, жемқорлыққа жататын қылмыс жасаған.

Сотқа дейінгі тергеу барысында Ж.Каримов өз кінәсін мойындады. Келтірген зиянды санап тұрып, ЖШС шотына салды. Іс сотқа қарау үшін жолданды.

Міне, ауданда осындай сорақы «жымқыру» орын алыпты. Бұған кінәлі анықталды. Десек те, осы мекеменің құрылтайшысы – Теректі ауданының әкімдігі мен уәкілетті орган - «Теректі ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесі қайда қарапты? Неге бақылау болмаған? Бұның да себебі бар екен. ЖШС жарғысына сай, құрылтайшы да, уәкілетті орган да ЖШС қаржы-шаруашылық қызметін бақылау не талдау, ішкі аудит жүргізу міндетті деп көрсетілмеген. Сондықтан, құрылтайшы мен уәкілетті орган бұл жұмыстарды жүргізбеген. Ендігі жерде осындай бұзушылық болмау үшін мықты бақылау керек. Ол үшін әділет органы арқылы қабылданған жарғыға толықтыру мен өзгеріс енгізу қажет. Бұл жөнінде Талғат Боранбайұлы айтып өтті.

Келесі болып сөз алған Жақсат Мұратов мемлекеттік қызметкерлерге сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу және алдын алу шараларын тәптіштеп түсіндірді.

- Неше рет осындай жиындарда айтылса да, жемқорлық деген «бәлекет» жойылмай тұр. Онымен күресуде мемлекеттік қызметкер алғы шепте болуы тиіс. Өйткені, ол – мемлекет адамы. Осыны әр қызметкер түйсігімен, бар санасымен түсінуі керек. Әсіресе, мемлекеттік қызметке жүгінуге келген не болмаса шаруасы түскен адамға ілтипатпен қарау, мүмкіндігінше, заң шеңберінде ісін шешіп беру – мемлекеттік қызметкердің міндеті. Қызметі атқарған кезде бәлсініп, созбалауға салмайық. Сапалы, сыпайы, уақытылы, ашық орындалған қызмет – сыбайлас жемқорлықты кесудің бірден-бір жолы, - деді Жақсат Мұратұлы.

Бұдан соң нақты сыбайлас жемқорлық, пара алумен ұсталған шенділердің кісенделуі түсірілген бейнебаян көрсетілді.

Енді, отырыстың басты тақырыбына келер болсақ, айтып кеткеніміздей, іс сотқа жолданды. Қаржы орыны толды.

-Бұл жиын мемлекеттік қызметкерлер, оларға теңестірілген тұлғалар өз жұмысында осындай «жұтып қоюға» жол бермесін. Сабақ алсын деген мақсатта өткізіп отырмыз. Сұрау бар, бақылау бар екенін есте ұстаңыздар. Өзіңізге сеніп тапсырылған қызметті «мемлекеттік қызметкер» лауазымына кір келтірмей, адал атқарыңыз, - деп қорытындылады аудан әкімі аппаратының басшысы Армат Амангелдіұлы.