Бүгін ауданға жұмыс сапарымен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Серік Құсайынов келді. Халық қалаулысы алдымен бірқатар нысандарды аралап, мекеме қызметкерлерімен тілдесті.

 

Алғаш боп депутат жуырда ғана күрделі жөндеуден өтіп, желтоқсан айында ғана пайдалануға берілген аудандық аурухана жұмысымен танысты. Одан соң дене шынықтыру және сауықтыру кешеніне бас сұғып, балғын спортшылардың жетістіктеріне қанықты. Сонымен қатар, Серік Досымханұлы №2 балалар саз мектебі және аудандық Мәдениет үйінде де болды.

Аудандық әкімдіктің үлкен мәжіліс залында аудан активімен кездескен депутат, жұмыс күнін қорытындылады.

- ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын және «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуін талқылау, сонымен бірге теректіліктердің тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында ауданға келген жайымыз бар,-деді сөз бастаған С.Құсайынов.

Халық қалаулысы бес әлеуметтік бастама төңірегінде кеңінен әңгіме қозғады. Соның ішінде халықты баспанамен қамту бағытындағы жеңілдіктер, білім алуға ұмтылған жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту турасындағы Елбасы шешімдері қолдауға ие болғанын атап өтті.

- Президент «Бес әлеуметтік бастаманы» жария етті, оның әрқайсысы біздің халқымыз үшін үлкен берекенің бастауы. Тұрғын үйге қолжетімділік деген өте тамаша шешім. Осы орайда «7-20-25» бағдарламасы ипотекалық несиенің жылдық мөлшерін 7 пайыздан асырмайтын талапты ескеріп отыр. Сонымен қатар ол 2018-2019 оқу жылында студенттерге арналған қосымша гранттың өзі адам капиталы саласына елеулі серпін береді. Білім алуға қолжетімділіктті арттыру бағытында ел үшін жақсы жаңалық жария етілді. Қазіргі 54 мың гранттың үстіне 20 мың грант қосылғалы отыр,- деді өз сөзінде депутат.

Ауданымыздың даму деңгейіне оң бағасын берген Серік Құсайынов, күрделі проблемалардың бар екендігін де жасырмады.

- Аудан орталығындағы емхана жағдайы керемет деп айта алмаймын. Жөндеудің қажет екендігін көріп, осы мәселені шешу жолында жұмыстануға уәде беремін. Құзырлы органдарға депуаттаттық сауал жолдаймын. Жол мәселесі де ауданда өзекті. Дегенмен, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аудан көлемінде өте жақсы жүзеге асуда. Оған менің дене шынықтыру орталығына, саз мектебіне және Мәдениет үйіне бас сұққанда көзім жетті. Аталмыш бағдарлама аясындағы жұмыстарыңызға көңіл толып отыр,-деді Мәжіліс депутаты С.Досымханұлы.