18 қыркүйек күні аудандық әкімшіліктің үлкен мәжіліс залында өткен, мекеме-ұйым басшылары мен қызметкерлері, ауылдық округ әкімдері, кәсіби және кәсіби емес медиаторлар қатысқан  жиынды аудан әкімі Кәрім Жақыпов жүргізді.

Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында сот жүйесі саласына нақты міндеттер қойған болатын. Бұл жөнінде Батыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы Бек Әметұлы баяндады. Жиын барысында жаңа ақпараттық технологияға негізделген электрондық бағдарламалардың басымдықтары да сөз болды. Аудан бойынша 9 кәсіби емес және 1 кәсіби медиатор бар. Соңғы 8 айда 36 іс қаралған. Ал өткен жылы дәл осы кезеңде қаралған іс саны — 56. Биыл 18 адамға үкім шықса, былтырғы көрсеткіш — 38 боп тұр. Осы жылы 2 адам бас бостандығынан айырылса, өткен жылы 6 адамға ең ауыр жаза кесілген. Байқап қарасақ, қылмыс деңгейі төмендеп отыр. Ал, медиация  көмегімен 8 іс шешілген.  

Жиында ауданымыздың құрметті азаматы В.Савченко сөз алып, нақты түсініктер берген БҚО сотының төрағасы  Б.Әметовке алғыс білдірді. Аудандағы жалғыз кәсіби медиатор З.Шатикова осы кезеңге дейін жасалынған жұмыстарды жіпке тізіп, медиация қызметінің сапасы жоғары болуы үшін ауылдарда семинарлар өткізуді қолға алу керектігін айтты.